Сұлтанмахмұт Торайғыровтың романдары
Тума талант, дарын иесі
Сұлтанмахмұт - қазақ әдебиетінің тарихында
маңызды орын алатын, қазақ тіліндегі тұңғыш
романдар болып саналатын "Қамар сұлу" мен "Кім жазықтының"
авторы. Ақынның "Қамар сұлу" романы -
күрделі және сәтті туындылардың бірі. Ол бір
жағынан дәстүрлі дастан ерекшелігін сақтаса, екінші
жағынан прозалық шығармаларға тән сипаттар
негізінде жасалады. Әділдігіне келгенде, осы арнаның шебер бірлігі
мен үйлесімінен туды. Қазақ әйелінің аянышты
өмірін суреттей отырып, С.Торайғыров қоғамдық
өмір шындығын тереңдей ашады, адам мен қоғам,
әкелер мен балалар, ескі мен жаңа арасындағы
қайшылықтарда шындық пен тарихи болашақ биігінен
бейнеленеді. Романда екі топ адамдардың өмір позициясы Қамар
оқиғасы төңірегінде көрінсе,
қоғамдық, әлеуметтік тамырлары мен сыр-сипатын жасырып
қалмайды. Соның нәтижесінде шығармадағы негізгі
тартыс Қамар айналасынан едәуір ұзап, таптық
теңсіздік деңгейінен көрінеді. Жорға Нұрым,
Қалтан қажы, Оспан би байлық пен билікті, дінді, ескі
өмір салтын қорғаудың бірден-бір құралы
ретінде пайдаланып, жаңалық атаулыға, жастарға
қарсы тұрса, Ахмет, Қамар, Хасен тәрізді жастар бас
бостандығы, сезім еркіндігі, теңдік үшін күреседі. Осы
тартыста озбырлық жеңгенімен, моральдық жеңіс жастар
жағында, өмірге жаңаша көзқарас жағында
қалады. Ақын Қамар аузымен дін мен дін иелерін, байлық
пен билікті, қараңғылық пен надандылықты аяусыз
әшкерелейді. Мысалы:
Оңбайды бұл әдетпен қазақ халқы,
Бұл себеп ақырында қалмасқа ізі.
Үлкен әлеуметтік
бағыттар мен тартыстарға толы бұл роман
ағартушылық идеясымен жазылған әлеуметтік-реалистік
шығарма. Сондықтан да "Қамар сұлу" романы
әдебиетімізде алғаш ескі өмір салтының тозығы
жеткенін, ендігі жерде оның қажетсіздігін дәлелдеген,
ұсынған күрделі дүние. Бұл шығарманың
қазақ прозасының дамуындағы алатын келелі орнына, демек
көркем әдебиетіміз тарихында сол роман жанрының тууы,
қалыптасуы, өркендеуі жолында өзіне сай белгілі бір роль
атқарғаны ақиқат еді. Өйткені жазушы өз
заманының бір көрінісін жан-жақты алып, оны реалистік
тұрғыдан сипаттауға тырысқан және көп
табыстарға жеткен. Ең алдымен жазушы әйел теңдігіне
байланысты сол кездегі қазақ арасындағы етек алған
әдет-ғұрптарды қатал сынай отыра, ендігі жастардың
келешегі оқуда, еркіндік тұрмыста екенін, Қамар мен
Ахметтің трагедиялы халдері арқылы мегзейтін болса, осы
шығармасында, сонымен бірге, бір топ кейіпкерлердің
ұмытылмастай жарқын, сенімді образын жасайды. Бұл жаңа
ғана қалыптаса бастаған қазақ прозасына
қосылған зор үлес еді.
С.Торайғыровтың
келесі бір романы - "Кім жазықты?" - қоғамдық
өмірді тереңдей бейнелеген ең күрделі әлеуметтік
шығармасы. Қазақ әдебиетінің тарихында
өлеңмен жазылған бірінші роман. Оның ең басты
қасиеті тарихилығында, қоғам өмірін өзгеру,
өсу қалпында суреттеуінде. Дала өмірін ұзақ
уақыт билеп-төстеген қазақ феодалының бір семьясы
шығармада қоғамдық өмірдің кейінгі 30-40
жылғы фонында көрінеді. Роман тек атымен емес, бүкіл затымен,
болмысымен дәуір философиясы туғызған "Кім
жазықты?" мәселесін өзінше қойып, оған сол
тұстағы өмір салты, қоғамдық билеу мен
қатынастар, кертартпа әдет-салттар кінәлі деп жауап береді,
дала өмірін жайлаған бақытсыздыққа,
теңсіздікке, әділетсіздікті көркемдік
құралдарымен дәлелдейді.
Роман көп тақырыпты.
Олар: феодалдық құрылыс пен саяси тәртіпті сынау,
прогресс пен әділет идеясын жақтау, адам еркіндігін, әсіресе
езілген шаруалардың провасы мен мүддесін қорғау.
Сөйтіп "Кім жазықты?" ағартушылық идеясымен
жазылған реалистік-сатиралық шығарма болады. Онда белгілі
түрде әдіс пен автор көзқарасының бірлігі бар.
Қазақ феодализмінің капитализм және отаршылдық
тәртіппен астасып, ұзақ өмір сүріп келген негізгі
қайшылықтарын жанды етіп көрсету үшін автор мұнда
жаңашыл жастар бейнесін емес, сатиралық рухты барлық ескі
салт-сана мен әдет-ғұрыптың, надандықтың
әрі ұясы, әрі иесі болған, мал байлығы мен ел
билігін бір қолға қаратқан Тасболат сияқты
феодалдар, оның балалары - Әжібай мен Қабыштар бейнесін басты
нысана еткен.
Автордың
ағартушылық, демократиялық идеясын романның "Кім
жазықты?" деген тамаша атауы да дәлелдейді.
Тасболатшылдыққа, оның ұрпақтары Әжібай мен
Қабыштардың теріс тәрбиесіне, халыққа, прогреске
жат істеріне, Әжібай үйіндегі тірі жесірлер - Жаңыл, Жамила,
Зылиқа, Ырысты, оның қызы Күлтайлардың
провасыздығына, шаруалардың ауыр халіне кім жазықты?
Оған сол кездегі патшалық тәртіп пен феодалдық
құрылыс жазықты. Бұл - романның тақырыбынан
туатын басты идея.
Жалпы алғанда бұл
романда Сұлтанмахмұт қазақ халқының сол
кездегі қоғам, әлеуметтік тіршілігінің қалпын,
суретін әдемі кескіндеген. Қазақ арасындағы түрлі
тап, топ өкілдерінің тұрмысын, қазақ әйелдерінің ауыр хал-жайын,
қазақ халқының мінез-құлқын,
әдет-ғұрпын, дүниеге көзқарасын дәл,
толық шебер көрсеткен. Сондықтан да қазақ
халқының сол кездегі саяси-әлеуметтік өмірінің
ең маңызды, ең түйінді мәселелері жөнінде,
қазақ халқының тағдыры жөнінде сұрау
салған және зор түйінді сұрауларға жауап іздеген.
Бұл роман аяқталмай қалғандықтан ақын
қойған сұрауларға толық жауап беруге болмайды.
Бірақ романның желісінен, әңніменің жалпы
сарынынан ақынның бұл сұрауларға беретін жауабы
айқын аңғарылыды. Ол мұның бәріне сол
кездегі саяси-әлеуметтік құрылыс жазықты деп ашық
айтады. Сұлтанмахмұттың романдары туралы ой түйгенде
оның роман жазуға қабілеті бар ақын болғаны,
оған мейлі тақырып, идея жағынан болсын, бірте-бірте
төселе бастағаны көрінеді. Сөйтіп алғашқы
романдар көшін дұрыс бағытқа сала білген
ақын-жазушы болып әдебиет тарихынан өзіне лайықты орын
алды.
Сұлтанмахмұт
Торайғыровтың публицистикалық шығармалары
Жан-жақты талант иесі
сонымен қатар "Зарландым", "Ауырмай есімнен
жаңылғаным", "Өлеңмен жазылған
драмалық материал", "Қазақ ішінде оқу,
оқыту қалай?", "Қазақ тіліндегі
өлең кітаптары жайынан", "Өлең мен
айтушылары", "Социализм" атты публицистикалық
шығармалардың авторы.
Сұлтанмахмұт
"Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан",
"Өлең мен айтушылар" деген шығармалары
әдебиет, көркем өнер тақырыбына жазылған,
библиографиялық, рецензия - әдеби сын ретінде жазылған
дүниелер. Ақын оларды қазақтың бұрынды-сонды
әдебиетіне, өз тұсында шыққан бірқатар
өлең кітаптарына келелі, дәлелді сын айтады, әдебиеттің
бет-бағыты, міндеті жайынан өте құнды, өз
тұсындағы қазақ публицистикасында жаңа пікір иесі
болды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың "Қазақ
ішінде оқу, оқыту жолы қалай", "Социализм"
деген шығармалары оқу, мәдениет, техника тақырыбына
жазылған. Оларда автор қазақ халқының ілгері
дамуы, мәдениетті болуы, "Адам баласының жеңіл күн
көруіне қажет ілімдерді" - техниканы тез үйреніп алу
туралы бағалы, өз кезіндегі озат пікірді айта білді.
Сұлтанмахмұт
Торайғыровтың публицистикасының өзіне тән кейбір
қасиеттері бар. Атап айтқанда бәрі де актуальды,
күрделі, көкейтесті мәселелер жөнінде жазылған:
бәрі де аса мазмұнды, терең мағыналы. Сонымен бірге,
автордың ой-пікірлері жүйелі, дәлелді сөз байламдары,
сөйлем құрылыстары нақ. Қисынды, шешен тілді
болып келеді.
Аз ғана ғұмыр
жасаған Сұлтанмахмұт жазушылықпен небәрі 11-12
жыл ғана айналысты. Соның өзінде де тұрмыс
қиыншылығын көріп, ауру азабын шегіп жүрді, жазу жұмысымен
емін-еркін айналыса алмады. Алайда:
Жасамаймын
еңбектің,
Жемісін көзбен көрем деп;
Жасаймын бір қолқабыс
Кейінгіге берем деп,- өтті.
Ол кейінгі ұрпаққа
бірсыпыра құнды мұра қалдырды. С.Торайғыров
өз дәуіріндегі қазақ әдебиетінің аса
көрнекті өкілі ретінде өзіне дейінгі әдебиеттің
халықтық, озық қасиеттерін жаңа кезеңде
одан әрі дамытты, заманының алдыңғы қатарлы
азаттық идеяларымен қанаттандырылды. Тың көркемдік
ойлармен, идеялармен байытып, оның келер әдебиетпен табиғи
ұласуына қолайлы негіз жасады. Алтын көпір іспетті ұлы
ақын, сондықтан да әдебиет тарихында ұзақ
жасайды, лайықты орын алады.